«Ақ-Су Корпорациясы» “Өрлеу” бағдарламасы арқылы өнімін көбейтпек - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

«Ақ-Су Корпорациясы» “Өрлеу” бағдарламасы арқылы өнімін көбейтпек

38

Қазақстандағы кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары биылғы жылы да өз жалғасын табуда. Айталық, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ кәсіпкерлерге жеңілдетілген қаржыландыру, кепілдік қамтамасыз ету және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау сияқты негізгі үш құрал арқылы көмек көрсетуді жалғастырып келеді.

Биылғы жылдағы маңызды жаңалықтардың бірі маусым айында іске қосылған «Өрлеу» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы болды. Бұл бағдарлама кәсіпкерлерге қаржыландыруды жылдам әрі тиімді алу мүмкіндігін ұсынып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың баламасы ретінде маңызды рөл атқарады. Несие мерзімі 10 жылға дейін белгіленген, ал бекітілген пайыздық мөлшерлеме – 12,6 пайыз.
Шымкент қаласында «Өрлеу» бағдарламасы аясында 2025 жылдың алғашқы 4 айында жалпы сомасы 24,6 млрд теңгені құрайтын 38 жоба қаржыландырылды. Солардың бірі – «Ақ-Су Корпорациясы» ЖШС-і.
1999 жылдан бері құрылыс материалдары нарығында белсенді жұмыс істеп, сенімді брендке айналған компания метал бұйымдары мен конструкцияларын шығару саласында кең ауқымды қызмет көрсетеді. Оның өнім ассортиментіне профнастил, металл черепица, тегіс табақ, рабица торы және қосымша элементтер кіреді. Сонымен қатар, «Ақ-Су Корпорациясы» көркем плазмалық металл кесу және энергия жөндеу қызметтерін ұсынып, тұтынушыларға толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді.
2025 жылдың басында компания «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы жабдық сатып алу және айналым қаражатын толықтыру мақсатында қаржыландыру алды. Бұл қаржыландыру жылдық 18 пайызбен берілген несиенің 10 пайызын «Даму» қоры субсидиялағандығымен ерекше болды. Бұл компанияның өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге тың серпін берді. Бұдан кейін тамыз айында «Ақ-Су Корпорациясы» «Өрлеу» бағдарламасы арқылы тағы да жеңілдетілген қаржыландыру алып, 12,6 пайызбен айналым қаражатын толықтырды.
Реті келгенде толығырақ айта кетейік, «Даму» қорының қолдауымен іске қосылған кепілдік механизмдері де кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай туғызып отыр. 7 млрд теңгеге дейінгі жобалар үшін кепілдік портфельдік кепілдендіру тетігі енгізілді, ол кәсіпкерге кепілдік қамтамасыз ету мәселесін 2 жұмыс күні ішінде шешуге мүмкіндік береді. Бұл механизм несие, лизинг және шарттық міндеттемелерге қатысты кепілдік беріп, несие сомасының 85 пайызына дейін қамтиды. Шымкент қаласында 2025 жылдың 4 айында 8,5 млрд теңгеге дейінгі 90 жоба осы кепілдікпен қолдау тапты.
Сонымен қатар, субсидиялау тетігі арқылы өңірде несие портфелі 26,7 млрд теңгені құрайтын 154 жаңа жоба қаржыландырылды. Бұл көрсеткіш кәсіпкерлік сектордың дамуына мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаудың ауқымын көрсетеді.
Осылайша, «Даму» қорының трансформациясы және жаңа бағдарламалар енгізілуі кәсіпкерлерге қаржылық қолдаудың сапасы мен тиімділігін арттыруда. Әсіресе, «Өрлеу» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы кәсіпкерлерге жылдам әрі қолжетімді қаржыландыруды ұсына отырып, өңірлік бизнес инфрақұрылымының дамуына серпін беруде.

Advertisements