Шымкентте Иран тауар өндірушілерінің ІІІ сауда-өнеркәсіптік көрмесі басталды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте Иран тауар өндірушілерінің ІІІ сауда-өнеркәсіптік көрмесі басталды

19

Шымкентте Иран Ислам Республикасының сауда-өнеркәсіптік көрмесі өтіп жатыр. Тауар өндірушілердің дәстүрлі іс-шарасына Парсы елінің кәсіпорындары қатысуда. Көрмеде құрылыс, ауыл шаруашылығы, инженерлік-техникалық, сауда және инвестициялық бағыттағы жетекші компаниялар өз өнімдерін мегаполис тұрғындарына ұсынуда.

Дәстүрлі көрме Шымкент қаласында биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған Иран Ислам Республикасының 20-дан астам жетекші компаниясы қатысуда. Іс-шара Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге, инвестициялық жобаларды ілгерілетуге және жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашуға ықпал етеді, – дейді қатысушылар.

“Біздің басты мақсат – өз өнімімізді Қазақстанда сату. Сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасын нығайту. Сол үшін Шымкентте өтіп жатқан Иран Ислам Республикасының тауар көрмесіне қатысып отырмыз. Біз түрлі химиялық ұнтақтар, кілем бұйымдары, тұрмыстық техника және өзге де қажетті тауарларды алып келдік”,-деп ағынан жарылды ирандық тауар өнідіруші Гулизаде.

Көрмеге Иранның Сауда палатасы мен экспортты басқару орталығы, сондай-ақ Иран мен Қазақстанның іскерлік қауымдастықтары қатысып, отандық кәсіпкерлермен тікелей әріптестік байланыс орнатты.

“Біз Хорасан облысынан көптеген өндірушілердің тауарын алып келдік. Негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері. Мақсатымыз – Иран өндірушілерінің тауарларын Қазақстан нарығына таныстыру. Сондай-ақ құрылысқа арналған өнімдерді де жеткізуге мүмкіндік бар. Қазақстан – Азиядағы ет өнімдерін өндіретін жетекші елдердің бірі. Біз бұл елден ет өнімдерін, сондай-ақ ірі қара мен мал азығын сатып алуға ниеттіміз. Әрине, мұның бәрі өзара келісім арқылы жүзеге аспақ”,-деді Иран Ислам Республикасының Хорасан облысы сауда-қнеркәсіп палатасы министрінің орынбасары Мазияр Зант.

Қазақстан тарапынан іс-шараға мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысуда. Айта кетейік, сауда-өнеркәсіптік көрме 15 қазанға дейін жалғасады.

Advertisements