Шымкенттік жастар құқықтық сауаттылық туралы пікір алмасты
Былтыр қаламызда құқық қорғау органдарымен 4 «есірткі зертханасы» анықталып, жойылды.
Бір ғана Бозарық мөлтек ауданында анықталған «есірткі зертханасынан» 11 кг-нан астам өткізуге дайын синтетикалық есірткі мен 2 тоннадан астам прекурсор тәркіленген. Ал, жалпы полициямен өткен жылы 30 кг-нан астам синтетикалық есірткі заңсыз айналымнан алынды. Бұл дегеніміз еліміздің есірткі тұтынушыдан есірткі өндіруші елге айналғандығын білдіреді. Бұл туралы Шымкентте жастармен өткен кездесуде Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Арман Арун-Рашидұлы Бейсенбаев айтты.
«Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды» тақырыбындағы пікір алмасуында сала мамандары қала жастарының құқықтық сауаттылығын арттыруға барын салды. Есірткі және нашақорлық, қаржылық сауаттылық, қаржылық пирамида, лудоманияға қарсы күрес сияқты өзекті құқықтық мәселелер бойынша тың мәліметтер айтылды. Кинолог мамандар Айбар есімді қызметтік итпен бірге шағын көрініс қойды.