Шымкентте спорт мектебі ашылды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте спорт мектебі ашылды

7

Тәуелсіздік тартуы. Шымкентте тағы бір спорт мектебінің лентасы қиылды.

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты. Тәуелсіздік күні мерекесіне орай қолданысқа берілген жаңа корпустың ашылуына халық көп жиналды. Әсіресе ауыл тұрғындары дән риза. Олай дейтініміз осы уақытқа дейін талай спорт шеберлерін дайындап келе жатқан мектептің ғимараты ауылдың спортпен аналысамын деген жастарының көптігінен сиымсыз болды. Енді жаңа ашылған ғимарат спорттың әртүрлі түрлерімен айналысатын жас таланттарға тамаша мүмкіндік болғалы тұр. Бұл ғимарат екі ауысымда жұмыс істейді және бір уақытта 200-ге жуық спортшы жаттығу жасауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жаңа корпус ауқымды спорттық жарыстарды өткізуге арналған барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.


“Бұл нысан осы ауылдағы балаларға өте қолжетімді болып отыр. Осындай бағытта бес ауданда бес мектеп ашу жоспарланған. Соның негізінде осы жерден ашылып отыр. Талай мүмкіндікке жол беріп жатыр. Жастардың белсенділіктері де жоғары”,-деп атап өтті дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.
Ал, жалпы мектепте мыңға жуық жас спортшылар шынығуда. Спорт мектебінің үздіктері бокс, үстел теннисі мен таеквондодан Қазақстанның Ұлттық құрамасында өнер көрсетіп, Әлем және Азия чемпионаттарында жеңімпаз атанып, еліміздің намысын қорғауда.
Заманауи талаптарға сай салынған жаңа ғимараттың жертөлесінде пауэрлифтинг және ауыр атлетика залдары, киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары мен санитарлық бөлмелер қарастырылған.
“Ескі ғимаратта да сол 8 спорт түрі дамыған. Бұл жаңа ғимаратта жаңа спорт түрлері қамтылып жатыр. Негізінен олимпиадалық спорттарды дамытуды көздеп отырмыз. Сол бағыттағы жұмыстарды жандандырамыз”,-деді №12 спорт мектебінің директоры Нұрбол Алтаев.


Жаттықтырушылар, инструкторлар және төрешілер үшін арнайы бөлмелер мен кеңсе орындары жасақталған. Бірінші қабатта вестибюль-фойе, күзетші бөлмесі, 18 орындық асхана, 210 орындық көрермендерге арналған трибунасы бар әмбебап спортзал, медициналық пункт және дәріхана орналасқан. Ал екінші қабатта демалыс холы, бокс, күрес және бадминтон залдары мен жаттығу бөлмелері орналасқан. Мұнда спортшылардың физикалық дайындығын арттыруға қажетті барлық құрал-жабдықтар мен тренажерлер бар.
Жаңа ғимараттың ашылуы Шымкент қаласындағы спорт саласының инфрақұрылымын жаңғыртуға және дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл нысан қаладағы балалар мен жасөспірімдер үшін спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, облыс көлемінде ауқымды жарыстарды өткізуге де мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа корпус қала тұрғындары мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың тағы бір құралы болмақ.

 

 

 

Advertisements