Шымкентте “Жібек жолы айшықтары” сән көрмесі өтуде - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте “Жібек жолы айшықтары” сән көрмесі өтуде

9

Қаламызда өтіп жатқан мәдениет пен өнер саласындағы маңызды шаралардың бірі – Ұлттық киім дизайнерлерінің «Жібек жолы айшықтары» атты байқауы үлкен сән көрмесіне айналды.

Шараның мақсаты – ұлттық мұраларымызды заманауи сән үлгілерімен үйлестіру арқылы халқымыздың бай мәдениеті мен рухани құндылықтарын дәріптеу болса, ұлттық киім көрме-байқауында дизайнерлер қазақ халқының мәдениетімен қоса ұлттық құндылықтарын дәріптейтін туындыларын жарыққа шығарды. Қазақи нақышта заманауи киім кию үлгісін жаңғыртып, қазіргі заман талабын ескере отырып, сән әлеміне ұлттық киім үлгілерімен ықпал ету болмақ.
Байқауға қаланың 33 дизайнерлері, жас сәнгерлер мен сән өнеріне жаңадан қадам басқан дарындардан өтініш түскен. Өңірдің ұлттық киімдер брендін қалыптастырған ірі кәсіпкерлерден бастап, нарыққа енді аяқ басқан кәсіпкерлер де осы көрмеден табылды. Атап айтқанда, Aru collection, «Нұрхан шапан», «Әсем» сән үйі, «Қаракөз» бренді, балалар киімі дизайнері Ш.Есеналиевалар болды. Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы ОҚУ, Ж.Тәшенов университеті, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизаин колледжінің жас дизайнерлері жарысқа түсіп бағын сынады.
Байқаудың қазылар алқасы сән әлемінде тәжірибесі мол дизайнерлер мен мәдениет қайраткерлерінен құралды. Олар шығармашылық жұмыстардың терең мағынасы, техникалық орындалу деңгейі және ұлттық ерекшеліктерді сақтауы бойынша баға берді.
– Дизайнерлер киім үлгілерінде ою-өрнектерді, ұлттық әшекейлерді және табиғи маталарды пайдалану арқылы байқауға ерекше сән мен мағына берді. Қатысушылар тек қазақ халқының емес, Ұлы Жібек жолы бойындағы елдердің де мәдени элементтерін үндестіре білді. Көздің жауын алған әшекейлермен безендірілген шапандар, жібек пен барқыттан тігілген көйлектер, заманауи пішінге ие камзолдар көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Әсіресе, табиғат пен ұлттық дәстүрді үйлестірген авторлық туындылар қазылар алқасының назарын аудартып отыр, – дейді әділ-қазылар мүшесі, танымал дизайнер Эльмира Шермұханбетова.
Осымен сегізінші рет өтіп жатқан «Жібек жолы айшықтары» байқауы ұлттық киім өнерінің тек өткеннің ғана мұрасы емес, оның болашағының да жарқын екенін көрсетті. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай байқаулар ұлттық мәдениетті дамытуға және оны халықаралық аренада насихаттауға үлкен серпін береді.
– Ұлттық киім біздің мәдениетіміз. Сондықтан да ерекше назар аударуымыз керек. Өңірлік дизайнерлерге осылайша қолдау көрсету де басты мақсат болып тұр. Ал, тамашалап келушілерге сәнді киімдер ұнап жатыр. Біз соған қуанамыз. Дизайнерлердің еңбегі еленіп жатыр деген сөз. Тағы бір мақсатымыз қазақтың ұлттық киімдерін күнделікті тұрмысқа енгізуді насихаттау. Сондықтан жастайынан ұлттық киімдерімізге патриоттық сезімін қалыптастырып, рухын көтеріп, оны киіп жүруді әдетке айналдырса деген ниетпен, балалар киімінің де сәнін қосып жүрміз. Бұл байқау арқылы біз тарихымыздың тереңінен нәр алып, ұлттық киімдеріміздің әсемдігін заманауи сән үлгілерімен үйлестіре білуді көздедік. Әрбір туынды – халқымыздың рухани байлығы мен ұлттық болмысын паш ететін ерекше өнер туындысы. Сонымен қатар, жас дизайнерлерге шабыт беріп, ұлттық нақышты жаңаша қырынан көрсету мүмкіндігін сыйлағымыз келді, – дейді шараны ұйымдастырушы Азамат Айтбаев.
Сонымен байқау үш номинация бойынша бағаланды. «Ең үздік балалар мен жасөспірімдер киім үлгісі», «ең үздік күнделікті және жұмыс үлгісі», «ең үздік жас жұбайларға арналған киім үлгісі».
Байқаудың бас жүлдесі жас дизайнер Жанерке Мұхтарға бұйырды. Оның ұсынған «Арал теңізі» топтамасы көпшілік көңілінен шықты.
– «Бұл байқау – мен үшін үлкен шабыттың, жаңа мүмкіндіктердің алаңы болды. Ұлттық киім – тек сән ғана емес, ол біздің тарихымыз, дәстүріміз бен болмысымыздың көрінісі. Шығармашылығымда мен қазақ халқының бай мәдени мұрасын заманауи сәнмен үйлестіруге тырыстым. Қазақы киімдер маған жақын. Өйткені ол тек өткенімізді ғана емес, түрлі мәдениеттердің тоғысқан жерін бейнелейді. Мұндай шаралар бізге ұлттық мұрамызды сақтап қана қоймай, оны әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Мен үшін бұл байқауға қатысу – үлкен мәртебе, ал алған тәжірибем мен шабыт жаңа идеяларымды жүзеге асыруға негіз болады, – дейді Жанерке.
Сонымен қатар, басқа да жас дизайнерлер де назардан тыс қалмай, арнайы марапаттарға ие болды.
Ұлттық рух пен заманауи сән үндескен бұл шара тарих пен болашақ арасындағы көпір іспетті болды. «Жібек жолы айшықтары» байқауы қазақ мәдениетінің шексіз әлеуетін және оның әлемдік сән сахнасында алатын орнын айқын көрсеткен бірегей жобаға айналды.

Advertisements