Шымкент өнерпаздары Франция жұртшылығын тәнті етті
Қазақстанның Франциядағы Елшілігі және Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Францияда Шымкент қаласының күндері» өтті.
Іс-шараны Қазақстанның Франциядағы Елшісі Г.Арыстанқұлова, Гарж-ле-Гонесс қаласы спорт мәселелері жөніндегі мэрінің орынбасары Б. Гюно және «AKFT» қазақ диаспорасының төрағасы Р.Гюнай, құрметті қонақ ретінде шақырылған, дзюдодан жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметов ашып, қатысушыларға құттықтау сөздерін арнады. Сонымен қатар, Шымкент қаласы туризм басқармасының басшысы Б.Әділханов ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік бағдарлама барысында Шымкент қаласының «Qagan» этно-ансамблі, «Яссы» би тобы өнерін көрсетті. Сондай-ақ, «Мәдениет пен спортты дамыту» қоғамдық бірлестігі ұлттық ойындар – асық ату, арқан тарту сайыстарын ұйымдастырды.
Іс-шара аясында футболдан өткен халықаралық турнир де көпшілікке керемет әсер сыйлады. Оған қазақстандық дипломаттар, қандастар, Францияда жұмыс істейтін және оқып жатқан отандастар, шетелдіктерден құралған топтар қатысты. Турнирдің нәтижесінде «Париж қазақ спорт» командасы чемпион атанды, «Оңтүстік Қазақстан облысы» командасы күміс медаль жеңіп алса, «Достық» командасы қола медальға ие болды. Жеңімпаздарды дзюдодан Олимпиада чемпионы Е.Сметов марапаттады.
Сонымен қатар, қатысушылар «Ұршық» қолөнершілер қоғамы ұйымдастырған шеберлік сағатына қатысып, тоқылған ұлттық әшекейлер мен қолөнер бұйымдарының жасалуын тамашалады. Көктемгі кездесу ұлттық киімнің «Bibikarden» әйелдер топтамасының көрсетілімімен аяқталды.
Бұл іс-шара Қазақстанның Франциядағы диаспорасы үшін екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосылған үлкен үлес болды.