Елімізде теміржол вокзалдары қайта құрылмақ

Елімізде теміржол желілері бойынша жолаушылар мен жүктерді үздіксіз және қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңа транзиттік жүк ағындарын тарту үшін бірнеше жоба іске асырылуда.
Қазақстанда теміржол вокзалдарын қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда жөндеуді қажет ететін 125 вокзал анықталды, оның 21-і танымал туристік дистинацияларда орналасқан. Жұмыстар 2025 жылдың 14 сәуірінде басталды. Қайта құру барысында мүгедектігі бар адамдар үшін барлық жағдай қарастырылады.
Ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарға сәйкес Алматы айналма жолының жобасы өз мәресіне жетеді деп күтілуде. Жобаны іске қосу Алматы торабын жүктемесін 40%-ға азайтуға және жүктерді жеткізу мерзімін 24 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүргізілуде. Жобаларды іске асыру Орталық Азия бағытындағы өткізу қабілетін қосымша 20 млн тоннаға және Қытай бағытындағы өткізу қабілетін тағы 25 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жобаларды аяқтау тиісінше 2026 және 2027 жылдары жоспарланып отыр.
2029 жылға дейін 16 мың шақырым теміржол учаскесінің 11 мың шақырымына жөндеу жүргізу көзделген.