ШЫМКЕНТ. БАЛАЛАР ЖАСЫНДАҒЫ АУРУЛАРДЫ ТЕЗ АНЫҚТАУ БАҒЫТЫНДА ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ
“Асар” шағынауданындағы қалалық балалар клиникалық аурухана базасында “Балалар жасындағы ауруларды ықпалдастыра басқару” ресурстық орталығы ашылды. Шаһарда алғаш рет қолға алынған оқыту-әдістемелік орталықтың ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасаны Сәрсен Құранбек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова қатысты.
Бүгінгі мерекеге орай ашылып, жұмысын бастаған орталықта медициналық қызметкерлерді оқыту, сондай-ақ балалармен стационарлық емделіп жатқан ата-аналарға 5 жасқа дейінгі күтім мен тамақтандыру мәселелері бойынша кеңес беру жүргізіледі. Орталық оқу-әдістемелік материалдар мен жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Қала әкімінің орынбасары ендігі ретте мамандардың біліктілігін арттыру, оқыту нәтижесіне талдау жүргізу маңызды екенін атап өтті.
-Бағдарлама балалардағы ең маңызды ауруларды (диарея, пневмония, тамақтанудың бұзылуы, анемия, төмен салмақ, тамақ-құлақ проблемалары) біріктіре, ықпалдастыра отырып емдеу, тез әрекет ету, сондай-ақ, балаға қауіпсіз даму ортасын қалыптастыру, иммундау және күтім жасау нұсқамаларын қамтиды.
Балалар жасындағы ауруларды ықпалдастыра басқару өлім, ауру және мүгедектік жағдайларын азайту және бес жасқа дейінгі балалардың өсуі мен дамуын жақсартуға ықпал етеді. Оқыту нәтижесіне мониторинг жасалады, – дейді аурухананың бас дәрігері Динара Жұмаділова.
Көпшілік жаңадан ашылған орталықтың мүмкіндіктерімен танысып, жұмыс барысын аралап көрді.