Павлодар: Бесінші қабаттан бала құлады

Павлодар облысының полиция департаменті бесінші қабаттан құлаған екі жасар бала туралы түсініктеме берді.
Ведомствоның баспасөз қызметі жазатайым оқиға фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
“Полицияға Естай көшесіндегі 5–қабаттың терезесінен кәмелетке толмаған баланың құлағаны туралы хабар келіп түсті. Жарақат алған бала ауруханаға жатқызылды. Полиция тексеру жүргізуде“, – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бала құлағаннан кейін комаға түскен. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.
Павлодар облысының полиция департаменті ата-аналарды балаларға өте мұқият болуға, балалардың қауіпсіздігін сақтауға шақырды.
Сондай-ақ, Департамент өткен жылы облыс аумағында осындай 13 дерек тіркелгенін атап өтті.