Интерпол іздеу салған германиялық алаяқ ұсталды

300-ге жуық іздеуде жүрген қылмыскердің ұсталуы мен оншақты ашылған іс. Қазақстан мен ТМД елдеріндегі тәртіп сақшыларының бірлесіп жүргізген ауқымды жедел–профилактикалық операцияның нәтижесі осындай.
Операция іздеуде жүргендерді ұстауға, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге бағытталған. Ұстау географиясы Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Германия және тіпті алыс Грозныйды қамтыды.
Атап айтар болсақ:
Осыдан 13 жыл бұрын Жамбыл облысында топтық зорлаудан кейін ізін суытып үлгерген 39 жастағы азамат Бішкекте бой тасалап жүрген жерінен қолға түсті.
Жетісуда “жұмыс істеген“ 22 жастағы интернет–алаяқ Сочиде тұтқынға алынды.
1996 жылы Павлодар облысында қарақшылық шабуылға қатысқан қылмыскер Грозныйда ұсталды.
Астанада 58 жастағы Германия азаматы қамауға алынды – оны Интерпол Гамбургтегі ірі алаяқтық іс бойынша іздеуге салған болатын.
Сондай-ақ, Елордада кісі өлтіруге оқталғаны үшін айыпталған Түркия азаматы да ұсталды.
Операция кезінде хабар — ошарсыз кеткендерге ерекше назар аударылды: 56 адам табылды. Оның ішінде 10 кәмелетке толмағанның орналасқан жері анықталды. Мәселен, Ақтауда 31-ші наурызда үйден шығып кеткен 15 жасар қыз табылды.
Екі күннің ішінде іздеудегі 284 адам ұсталды:
7-і кісі өлтіру;
9-ы денсаулыққа ауыр зиян келтіру;
6-ы қарақшылық әрекет;
5-і тонау;
13-і есірткі қылмыстары үшін іздеуде болған.
Ұстау операциясының 32-і ҚР шегінен тыс жерлерде, 164-і басқа елдердің өтініштері бойынша жүргізілді.
ІІМ Халықаралық ынтымақтастық қылмыстық әрекеттерді тиімді анықтауға және жолын кесуге, сондай-ақ жылдар бойы заңнан жасырынғандарды құрықтауға жақсы мүмкіндік беретінін айтады.